БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ
ҮНДЕУІ
М. Айманбетов
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

Құрметті серіктестер, жалға алушылар, әріптестер!

«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын (бұдан әрі – Ұлттық жоба) іске асыруына байланысты 2023 жылы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарихында (бұдан әрі – Қоғам, Компания) жаңа кезең басталды.

Ұлттық жобаның мақсаты – апаттық объектілерді, үш ауысымды оқытуды, оқушы орындарының тапшылығын жою. Ол үшін 2026 жылға дейін қалалар мен ауылдық елді мекендерде екі ауысымға шаққанда 707,2 мың оқушы орнына 359 жайлы мектеп тұрғызу жоспарланып отыр.

Есепті жылда Қоғамның негізгі күш-жігері елдің 3 ірі қаласы мен 17 облысында ұлттық жобаны іске асыруға бағытталып, келісімшарттар жасалып, құрылыс алаңдары дайындалды. 2024 жылы 208 жайлы мектеп пайдалануға берілмек.

Қоғам Ұлттық жобаны ашық әрі уақытылы іске асыру мақсатымен елімізде алғаш рет мынадай ауқымды шараларды қолданды:

  • ЕРС-келісімшарты арқылы құрылысты басқарудың шетелдік әдістемесі енгізілді. Оған сай барлық құрылыс жұмыстарын электрондық портал арқылы іріктелген бір мердігер компания немесе консорциум жүргізеді. ЕРС шарттары біраз уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді.
  • Нысандарға 24/7 форматындағы бейнемониторинг ақпараттық жүйесі орнатылды. Барлық құзырлы тараптарға құрылыс барысын нысан басында орнатылған төрт бейнекамера арқылы онлайн бақылауға мүмкіндік ашылды.
  • Отандық тауар өндірушілердің ұлттық жобаға қатысуы заң жүзінде бекітілді. Жиһаз өнімдері тек «Самұрық-Қазына» АҚ және/немесе «Атамекен» ҰКП отандық тауар өндірушілер тізілімдеріндегі кәсіпкерлерден сатып алынбақ.

Жергілікті атқарушы органдардың жер учаскелерін және жобалау-сметалық құжаттамаларын уақытылы рәсімдей алмауынан бірқатар проблемалар туындады. Алайда Қоғам мектептерді уақтылы іске қосу үшін барлық қажетті шараларды қолданып жатыр.

Қоғам қызметінің басты бағыттарының бірі – халыққа қолданысқа берген тұрғын үйлерді күтуде сапалы қызмет көрсету, наразылықтар мен шағымдардың алдын алу.

Қоғам осы мақсатпен жылжымайтын мүлікті басқару барысында тұрғындармен және жалға алушылармен тұрақты жұмыс жүргізеді. Олардың арыздарына уақтылы ден қоя отырып, кепілдік мерзімі шеңберінде құрылыс ақауларын жоюды, тұрғын үй маңындағы аумақты абаттандыруды, балалар алаңдарын жөндеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктерін қалыптастырып, олардың жұмысына қатысады. Қоғам балансындағы активтердің техникалық қауіпсіздікке сәйкестігі тұрғысынан аудит жүргізеді.

Қоғам меншігіндегі немесе басқармасындағы бизнес-орталықтарда да аталған жұмыстар жүргізіледі.

Инвестициялық қызмет саласында жасалған шарттар бойынша 2023 жылғы 31 желтоқсанында Қоғамның жылжымайтын мүлік пулы 309,9 мың м2 және 996 машина орындарын құрады. Жобалардың жалпы құны – 125,9 млрд теңге, оның ішінде Қоғамның инвестиция көлемі – 76,9 млрд теңге. Жобалардағы Қоғамның үлесі орта есеппен – 60%. Есепті жылда ауданы 82 мың м2 болатын 7 нысан пайдалануға берілді: шатыр және қаптау материалдарын шығаратын зауыт және де Алматы қ. «Gul-ana» ТҮК, «Ақкент» ТҮК, Қонаев қ. – Sun City ТҮК, Ақтөбе қ. – «Бавария-2» ТҮК, Атырау қ. – Бейбарыс даңғылындағы ТҮК, №498 құрылыс, Астана қ. – «Мыңжылдық аллеясында, 2-кезек» ТҮК.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «MetalFormer» ЖШС өндіріс орнымен танысу барысында өнімдеріне оң баға беріп, «осындай кәсіпорындарды қолдаудың маңыздылығы және импорттық құрылыс материалдарынан отандық өнімге көшу қажеттілігін» атап өтті. Қоғам зауытты қолдау мақсатымен оның өнімдерін өз жобаларында пайдаланып, өндірістік қуатын жүктеуге жан-жақты көмек көрсетіп келеді.

2023 жылғы қызмет қорытындысы бойынша инвесторлар және басқа да стейкхолдерлермен біріккен жұмыс нәтижесінде Қоғам 7,4 млрд теңге көлемінде пайда көрді.

Есепті жылда «Түркістан» БГҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сенімгерлік басқару шеңберінде негізгі алаңды, үшінші санатты кіреберіс автожолын және Бадам су қоймасынан құбырмен су тарту жүйесін толық аяқтап, кешенді құрылыс жұмыстарына келісім-шарт жасалып, «Бадам су қоймасынан құбырмен су тарту жүйесі», «Сыртқы газбен жабдықтау» және «500 кВ және 220 кВ кернеуге Шымкент 500 кВ тораптық КС электр жүйесіне қуат беру» жобаларына оң сараптама қорытындылары алынды.

Операциялық қызметті басқаруға қатысты 2023 жылы ішкі корпоративтік бизнес процестерді автоматтандырып, Ұлттық жобаны іске асыру, сатып алу және ВМР ақпараттық жүйелері енгізілді.

Есепті жылда корпоративтік басқарудың тиісті стандарттарын ұстана отырып, Компания Директорлар кеңесінің, Басқарманың құрамын толықтырды; Аудит комитетінің, Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің құрамын қалыптастырды. Қоғам 2024– 2025 жылдарға арналған ESG енгізу жоспарымен бекітілген іс-шараларды іске асыру арқылы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіріп, орнықты даму қағидаларын енгізуді жалғастырады.

Қоғам Қазақстанда құрылыс саласының одан әрі өсуі мен дамуына үлес қоса алатындай елеулі әлеует пен ресурстарға ие.

Таңдалған Стратегияны ұстану Ұлттық жоба мен инвестициялық қызметті іске асыру шеңберінде объектілерді сапалы салып, уақтылы қолданысқа беруге, болашақта халық әл-ауқатының, тұтастай экономиканың өсуін ынталандыратын ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық, оның ішінде құрылыс индустриясы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Қорытындылай келе, ұжымыма биыл ашылғанына 15 жыл толатын Компанияның дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі, баға жетпес еңбегі үшін алғыс айтып, болашақта жетістіктерге жетуіне тілектестігімді білдіргім келеді.

М. Айманбетов

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ
Басқарма төрағасы

Басқарма төрағасының үндеуі
3